Регистрируйся скорей или пожалеешь :)


Ерке-ді Есіл...

Ерке-ді Есіл...

«Маңғыстау» вокзалының атшаптырым аймағын боздаған сирена даусымен бір сілкінтіп алған да, көк пойыз қозғала берген...
Содан бері тура бір тәулік өтті. Бірқалыпты ырғақпен дүрсілдеген алып машина «байтақ елдің астанасы, қайдасың» деп заулап келеді. Қанға сіңген ғадетпен кестедегі уақытынан бір сағаттай кеш келе жатқанынан қысыла ма, кім білген, әлсін-әлсін ішін тартып боздап алып екілене зулайды...
...Көгілдір экраннан көзтаныс болған бітім-болмысы бөлек алып ғимараттар... Әйнекпен аптап, зеңгір көкке тіреп тасталғандай, ұшар басы әрең көрінетін биііік үйлер, көздің жауын алғандай жауһар сарайлар мен әсемдігі ертегідегідей ескерткіштер...
Алғашқы әсері керемет еді жас шаһардың! Желік билеген бойды әзер билеп, өз көзіңе ие бола алмай, сұлулыққа сұқтанып есің шығатын.
Естен кетпегені Есіл болды. Тымық күні тымырайып үнсіз жататын, қоға басын қозғардай жел тұрса, ақ езу болып айбарланып кететін тәкәппар Каспийдей емес, мынау мөлдір де монтаны судың қыз қылығындай еркелігі басым көрінді. Сылқ-сылқ күліп, жанды арбардай сырбаз мінезбен еліктіріп бара жатырған бір керім.
Байтақ шаһар, бас кент бірде байсалды, байыпты, бірде алыстан қол бұлғаған аяулы арманның бейнесіндей асқақ, енді бірде қылығымен сүйсіндірген көркем арудай еліктірді.
Есіл... Есіл болса ерке еді... Бойында еркелік пен пәктік қана бар жас арудай үркектеп тұратын үлбір пішінді бір керім.
Ал, жас шаһардағы алғашқы танысымның әсері мүлде басқаша болды. Есіл жағалауынан жолықтырған өзім құралпы бейтаныс жігіт арада жарты сағат өтпей қимас досқа айналды. Ғайыптан кез болдым деп ойлаған едім, қателесіппін, бізді тоғыстырған тағдыр екен!
Аққұба өңі нұрға, жүрегі иманға толы, бүкіл болмысымен ұнап қалған, жас қазақ, саған арнаймын!

Ерке Есіл сыйлап жаһұтын жиған,
Сыбырлап сырын айтқаны.
Тәңірім иіп, бақытын қиған,
Ұмытым қалай шақтарды.

Ерке Есіл – Ару, сыбырсыз жылжып,
Сарыарқа төсін кезгені.
Бермегін, Тәңір, ғұмырсыз сыйлық
Қаламан нұрдан өзгені.

Ерке Есіл – Ару, шаһары Тұмар.
Жарасып бірі біріне,
Қос ару салған шат әні шығар,
Аспаны - ән, күні, түні де...

Ерке-ді Есіл... Көк айдын кәусар,
Жанымның өртін басар кім?!
Өзіңе қарай ауады аңсар,
Көк дөнен көңіл асау тым.

Еркесің, Есіл, сол үшін сүйем,
Жағаңнан тапқам жаһұтты,
Мен солай, еркем, ертерек кіргем,
Сапына жандар бақытты.

Ерке Есіл, саған айтпаймын «хошты»,
Жағаңда өтем, білемін.
Сүюден қымбат сыйладың досты.
Сол үшін, сені сүйемін!

Табылдиев Азамат Азаматұлы
Ақтау шәрі
3.07.2010

Комментарии


cfvehfq1411

  • 2 мес. назад
өте тамаша!!! көптен бері ұмыт болган әдеби сөздер!!!!!!

aza87aza

  • 4 мес. назад
Әр пікірге құрметпен қараймын, рахмет саған!

qlauz

  • 4 мес. назад
Жалпы жаман емес. Алайда ұйқас сақталғанымен, бәлкім стилистикасында (уақыт өте жетілдірілетін дағды ғой) бір нәрсе жетіспейтін сияқты. ))